Білім саласы: кеше және бүгін | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 23 ноября, печатный экземпляр отправим 27 ноября.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Жалгасбаев, Азамат Оразбекулы. Білім саласы: кеше және бүгін / Азамат Оразбекулы Жалгасбаев, В. А. Жубаниязова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2018. — № 14.1 (200.1). — С. 9-11. — URL: https://moluch.ru/archive/200/49094/ (дата обращения: 09.11.2024).



Қазақстанымыздың тәуелсіздік туын желбіреткеніне, міне, жиырма жеті жылға жуықтап келе жатыр. Осы уақыт аралығында білім саласында көптеген өзгерістер болып жатыр. Елбасымыздың бастамасымен, әрине. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білім саласындағы даму сатыларын баса айтып кеткен [1]. Айтпасқа бола ма?! Себебі, білім мен ғылым – мемлекетімізді нық ұстап тұратын тіреуіштің бірі емес пе?! Сауатсыз ұрпақ – сапасыз жұртқа айналмай ма?! Тереземіз тең, керегеміз кең болу үшін – білім – ғылымды барынша меңгеруіміз қажет. Бұл тек біздің ғана емес, заманның да басты талабы. Осыдан жиырма жыл бұрынғы уақытқа саяхаттап көрейікші?! Қазіргімен сол кездегі білім беру жүйесін өзара салыстырып байқасақ, арасы жер мен көктей. Ол кезде тек баға үшін оқитын оқушыларды, стандарт-сабақтар мен оқулықтан ары аспайтын мұғалімдерді ғана көреміз. Қазір ше?! Бүгінгі таңда ұстаздар көп ізденеді, көбірек білуге тырысады. Себебі, ғаламтордың шарықтаған заманында оқушылар кейде мұғалімнен ақылды болып кететіні жасырын емес. Шәкірт алдында күмілжіп тұру қай ұстазға болсын – ұят дүние. Сондықтан оқытушылар әрдайым ізденіс үстінде. Өзінің пәнін жетік білуге, сабақты жоғарғы деңгейде өткізуге, көрнекілікпен қосымша құралдарды мейлінше көбірек пайдалануға тырысады. Ұстаздардың біліктілігін көтеру мақсатында мемлекетіміз де жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда мектептер Кембридж тәсілімен оқытуға көшіп жатыр. Мұндағы мақсат – оқушыларды әділ бағалау, топқа бөліп оқыту арқылы шәкірттерді толық қамту секілді көптеген жаңа технологияларды пайдалана отырып, мектептердің деңгейін көтеру болып табылады. Сол үшін де «Өрлеу» орталығы құрылды. Ұстаздардың білім беру жүйесіне енгізілген бұл өзгеріс қазіргі таңда тек оң нәтиже көрсетуде.

Айтпай тағы кете алмаймыз, бүгінгінің басты талабының бірі – білім ошақтарындағы үштілділік. Ол, әрине, қазақ, орыс, ағылшын тілдері. Бұл үш тіл – болашақтағы біздің үш тұғырымыз. Көптеген жоғары деңгейлі мектептер қазір осы үрдіске біртіндеп өтіп жатыр. Біздің мемлекетте ең негізгі саналатын осы тілдерді болашақ ұрпақтың білуі маңызды. Себебі, қазақ тілі – мемлекеттік, орыс – ресми, ал ағылшын – халықаралық деңгейдегі тіл екенін бәрімізге белгілі. Бұл саясаттың мақсаты да сол – келешекке білгір де білімді, жан-жақты, сонымен қатар рухани сауатты, көзі ашық кемеңгер тұлға даярлау. Ұлт ақыны Қадір Мырзалиев ағамыз да: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» [3] демей ме?! Әйгілі ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз да 70-ке жуық тіл білген. Сол білімділігінің арқасында 150-ге жуық ғылыми еңбек жазып, кейінгілерге қалдырған. Ол кісінің жанында үш тілді үйрену дегеніңіз бүгінгі ақылды ұрпаққа түк те емес деп білемін.

Таяу жылдардағы міндеттердің бірі деп – латын әліпбиіне көшу саясаты туралы айтады Елбасымыз. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның және ғылым-білім процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектепте балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жүргендіктен, жас буын үшін ешқандай қиындық болмақ емес» – дейді ол өз мақаласында. Әрине, Елбасы сөзімен келіспеу мүмкін емес. Өйткені, ол шынында да солай. Латын әліпбиін көптеген елдер қолданатыны белгілі, сондықтан ол ана тілімізді мемлекетаралық дәрежеге көтеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, басқа да рухани-мәдени байланыстардың дамуына жол ашады. Сол себептен, ұлт ретінде артта қалмай, көшке ілесіп жүру – біздер үшін ұтымды дүние. Бұйырса, 2025 жылы барлық жазбамыз латынға ауысып, бұл іс толығымен аяқталады деген жоспар бар [5].

Елбасы өз мақаласында айтып кеткен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық» атты жоспарланған жоба аясында әлемнің ең үздік оқулықтарын қазақ тіліне аудару мақсатқа алынған. Оқулық – білім сапасының негізгі көзі мен құралы. Әлемдік стандрттарға теңесеміз десек, мұндай бағыттағы шаруалар қыруар болуы шарт. Оған қоса оқулықтардың электронды нұсқасын жасау да қолға алынғалы қашан. Бұл – кітап іздеп сабылған жан үшін қолжетімді дүние болмақ. Білім мен ғылым жүрген жерде кітаптың аты аталуы қашанда заңдылық. «Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» [4] – деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, кітаптың рухани байлық екені ешкімге жасырын емес. Сол үшін де өскелең ұрпақты осындай мол қазынаға қызықтырудың түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап табу керек секілді. Саусағыңмен түртіп қалсаң түрлі әлемді алдыңа жайып беретін смартфондардан гөрі қағазы қатырлаған кітаптардың құны мың есе артық емес пе?! Ғасырдан ғасырға өтіп келе жатқан осындай мол мұраларымыздың орнын ештеңе де баса алмайды.

Қазір «білгім келеді, үйренемін» деген адамға барлық жағдай жасалған. Ол үшін мектеп партасына қайта отыру шарт емес. Түрлі курстар, ғаламтор сайттары, көлемді кітапханалар – барлығы да үйренушілер үшін жұмыс жасайды. Сол секілді ұстаздарға да жақсы мүмкіндіктер бар. Түрлі чаттар мен топтар арқылы өздерінің материалдарымен алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп отыруға әбден болады. Бұл айтып жатқандарымыздың бәрі – білім саласында дамуға әкелетін тың өзгерістер мен қадамдар, бүгінгі күннің жетістіктері. Күн сайын бір жаңалық пайда болып жатқан заманда мұндай шаруалар тосын жағдай емес. Солай болуға да тиіс, себебі ілім-білім алға жүрмей, қарыстап бір орында қатып қалса, ол халық үшін үлкен мәселе. Сол үшін де еліміз, жеріміз жаңарсын десек, қай салада болмасын, біліміміздің терең болуы маңызды.

Қандай ұлт, қандай мемлекет болмасын әрдайым жаңаруға ұмтылады. Біз де солардың қатарынанбыз. Қазақстан – әрдайым жетістікке жетіп отыратын мемлекет. Солардың бірі – дамыған елу елдің қатарына кірігіп, бәсекеге қабілетті елдердің бірі болып шыға келдік. Бұл жолға оңай келе салған жоқпыз. Қаншама төгілген тер, атқарылған еңбек қадамымызды нық басуымызға мүмкіндік берді. Білім, ғылым, мәдениет, әдебиет, тарих, технология салаларында жаңаруларға жол беріп, қажырлы шаруа атқардық. Оған Елбасымыздың сындарлы саясатын қосыңыз. Соның арқасында болар, бүгінгі күні сатылап биіктерге шығып келе жатырмыз. «Білім қайда болса, биіктік сонда» дейді дана қазағымыз. Ғаламтор да, жоғарғы оқу орындары жоқ заманда-ақ ілімнің адамды алға жетелейтіні туралы халқымыз осылай ертеден-ақ айтқан. Білім дегенде сол салада тер төккен Ахмет, Ыбырай, Шоқандарды қалай ауызға алмай кетеміз?! «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек» [2] деген Абай атамызды ше?! Қазағымыздың құлдықтан шығып, саналы өмірге қадам басқанын әуелден қалағандардың бірі осылар емес пе?! Барлық нәрсенің бастауы – білімде екенін жеткізуге жанталасқан да осы бабаларымыз. Қазағымның көзі мен сауатының ашық болғанын қалады. Міне, бүгінгі күні сол аталарымыздың арман-мақсаттары орындалды десек артық айтқанымыз емес. Себебі, белестерді бағындырған ағаларымыз бен «білсем, үйренсем» деген арман-мақсаты бар жалындаған жастарымыз көп арамызда. Келешек осындай жастардың қолында. Елімізді алға сүйреп, көкжиектен көрінуімізге себепші болатын да осы – білімділер. Болашақ тек – білімде. Сондықтан да, санымыз аз болса да, ұрпағымыз саналы және сапалы болсын, ағайын!

Әдебиет:

  1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. – 2017. – 12 сәуір.
  2. Абай. – Алматы, «ЕЛ» баспасы, 1993.
  3. Жарықбаев Қ. Аталы сөз. – Алматы: «Жалын» баспасы, 1980.
  4. // «Қазақ үні» ұлттық порталы. – Ш. Ыбыраевпен сұхбат.
  5. Үш тілді меңгеру заман талабы // baq.kz
Основные термины (генерируются автоматически): мена, оса.


Задать вопрос