Қазіргі қазақ романдарындағы модернистік поэтика стилі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 23 ноября, печатный экземпляр отправим 27 ноября.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Калыбекова, К. С. Қазіргі қазақ романдарындағы модернистік поэтика стилі / К. С. Калыбекова, М. С. Амангельдина, Т. Б. Акылжан. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 16.1 (150.1). — С. 23-25. — URL: https://moluch.ru/archive/150/42693/ (дата обращения: 09.11.2024).



Модернизм — өнер қайраткерлерінің әлемдік қақтығыстарға, адамзат дамуындағы дағдарыстарға деген көзқарастарын білдірді. Ең алдымен, «modern» сөзі «қазіргі (жаңа) кезең» деген мағынаны білдіреді. Оның екі мəндік мағынасы бар: біріншісі қазіргі кезең «қазіргі кезең талабына сай», екіншісі модернге, яғни модернизмге. Өз кезегінде «модерн» терминімен мəдени құбылыстардың ауқымды тобы белгіленді. Тар мағынада, «модерн» ұғымы деп ХІХ ғ.-ХХ ғ. басындағы көркем-əдебиеттік қозғалыс түсінілді. Ал кең мағынада «модерн» ұғымы Жаңа заман (Modernity) деп аталған белгілі бір дəуірге сəйкес келген тарихи кезеңді айқындайды. Осылайша, модернизм өзінің теориясында адам абсолюттік білімге жетеді және жүзеге асырады дегенді атап көрсетті. Осы жерде бұл қағида Жаңа Заманнан бұрын пайда болды, және де аталған қағида теориялық және практикалық қолданысқа толық енген деген факторды естен шығармауымыз қажет.

Модернге дейінге әлем өзін қозғалысы шамалы, тұрақты, ғасырдан мәңгілікке дейін орныққан ғаламдық тәртіп есебінде ұсынады. Онда, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа, пәлендей ештеңе өзгере қоймайды. Қандай да бір өзгерістер әлеуметтік апат деп қабылданды, жаңашылдық неге апарып соғары белгісіз, қалыптасқан тәртіпті бұзатын қауіпті жағдай деп қарастырылды. Модернизм (капитализм), Маркс айтқандай дүниенің бәрі қозғалысқа түседі, өзгермелі болады. Адамдар үйреншікті мекендерін тастап, тәуір тірлік іздеп кетеді. Бұл жаңалықтар адамдардың әлеуметтік және эмпирикалық тәжірибесін, сезімдері мен дүниетанымын түбегейлі түрде өзгеріске түсіреді. Көптеген зерттеушілер тілге тиек ететін Маршалл Берман анықтағандай «Модерн болу дегеніміз билікті, өсуді, біздің өзіміздің және әлемнің өзгерісін уағда ететін, қолда барымыздың бәрін қиратуға қауіп төндіретін қоршауда қалу деген сөз. Модерндік қоршаулар мен тәжірибелер жағрапия мен этникалықтың, тап пен ұлттың, дін мен идеологияның барлық шекараларын бұзып өтеді; бұл тұрғыда модернити бүкіл адамзатты біріктіреді деп айтуға болады. Бірақ бұл оғаш бірігу, бөлінгендіктің бірлігі; ол бізді тұрақты дезинтеграция мен жаңаланудың, күресу мен қарама-қарсылықтың, екіұдайылық пен азаптың иіріміне тартып алады. Модерн болу дегеніміз ғаламның бір бөлігі болу деген сөз» [1, 42].

Белгілі әдебиет теоретигі М. Н. Эпштейн «модерн» деген екі үлкен айырмашылығы бар ұғымды ажыратып берді.

«Олар: 1) модернділік орта ғасырдан бастау алып немесе («modernity» немесе орыс терминологиясымен сәйкес «жаңа уақыт») қайта өрлеу (ренессанс) дәуірінен басталып, ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасқан, жарты мыңжылдықты қамтыған бүкіл әлем тарихындағы үлкен дәуір;

2) модернизм («modernism») — модерн дәуірін аяқтайтын жарты ғасыр өмір сүрген ХІХ ғасырдың аяғына дейін жалғасқан немесе бірінші дүниежүзілік соғыстан 1950–1960 жылдарға дейін созылған, белгілі бір мәдени кезең», — деп атап көрсетті [2, 472].

Модернді тарихи жоба деп қарастыру көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі жəне бұл ұғымның мағынасының көптігін көрсетеді. Сондай-ақ модернді осылайша түсіну, модернистік тенденциялармен қатар антимодернистік түсініктердің бар екенін де білдіреді. Мысалы, Жаңа Заманда модернистік көзқарас үстем болған тұста де Сад, Ницше, Джойс т. б. фигураларды өмірге әкелді.

Модернизм жеке тұлға санасын рухани ауытқулармен байланыста қарады. Модернистер әлемдік деңгейдегі қоғамдық қайшылықтар, санадағы қақтығыстар кезінде адам дүниенің мағынасыз екенін, өзінің фәнидегі жалғыздығын түсінеді деген пікірлерді алға тартты.

Бір сөзбен айтқанда, модернизмнің басты мақсаты — мәдениетті «модернизациялау», яғни «жетілдіру». ХХ ғасырдың басындағы авангардистік ағымдардың манифестерін оқып қарасаңыз, барлығының да мәдениетті жетілдіру проблемасын көтергенін байқар едіңіз.

Мұндай үдеріс әсіресе, Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, О. Бөкей, А. Сүлейменов, Қ. Ысқақов, А. Нұрманов, М. Мағауиндердің стильдік бағдарына тән еді. Кезінде американ психологі және философы У. Джеймстің «Психологияның ғылыми негіздері» (1890) атты еңбегінде тиянақталған «сана ағымы» тұжырымдамасы классикалық реализмдегі кейіпкерлердің белгілі бір рухани-психологиялық күйін бейнелеуге қолданатын ішкі монологынан біршама өзгешелектері бар. Реалистердің көпшілігі қолданған ішкі монолог бойынша ой заттық-құбылыстық фактыға негізделді. Модернистерге дейінгі әдебиетте көркемдік ойлау сананың ақиқат болмысқа деген рефлекциясы ретінде түсініліп келсе, сана ағымы ақиқат әлемнен қол үзуге дейін барды.

Реалистер ішкі монолог арқылы көркем туындыға психологизмнің қою бояуларын дарыта алғанын ешкім жоққа шығармайды. Ал модернистер қолданған сана ағымы шетін ситуацияларды таңдамай-ақ, шығармадағы уақыт пен кеңістіктегі еркіндік арқылы жүзеге асады. Яғни классикалық реализм үлгісіндегі әрекет пен сезім бірлігі қатаң сақтала бермей, ой тасқыны сюжет логикасына тым тәуелденбей, кейде фабуладан тыс та жасай береді.

Адам сезімдері мен ойларын санадағы жаңғырықтармен бейнелеу, кейіпкерлер мен реалды өмір ағыстарын шектеулі, тіпті механикалық қатынастарға құру, өмірдің бір-бірімен қатыссыз көріністерін сана арқылы жандандыру қазақ прозасында да өзіндік сипаттарымен танылып отырды. Ой тасқынына ерік беру көбінесе көлемдірек жанрларды қажетсінді.

Қазіргі қазақ прозасында авторлық «меннің" берілу амалдары күрделене түсті. Қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріндегі стильдік процестер түрлі бағыттарда жүріп жатты. Адам тұлғасын, адамзаттың бүгінгі рухани құндылықтарын безбендеуге келгенде бейнелеудің дәстүрлі принциптерімен қоса, альтернативті сарындардың да орын тебе бастағанын аңғару қиын емес.

Атап өтерлік жайт, бұл кезеңде әлемдік әдебиетте модернистік эстетиканың ықпалы аз болған жоқ. Мұндай ерекшелікті ұлттық прозамыздан да аңғарамыз. Зерттеуші Т.Есембеков: «Проблемалық ізденістердің нәтижесінде экспрессионизм, импрессионизм және экзистенциализмнің қазақ прозасына белгілі мөлшерде қатысы бар екені анықталып отыр. Бұлай деп айтуға теориялық та, практикалық та негіздер бар» [3,42], — деп жазады.

Осындай модернистік эстетиканың талаптарын ұстанған шығармалардың бірі — жазушы Алтай Асқардың романы «Туажат» дер едік. Автор романға «модерндік роман» деп жаңаша анықтама да берген. «Шындығында да бұл кітаптың жазылуы, құрылым-композициясы, оқиғаны өрбітуі ерекше дүние. Бас кейіпкер — Байбураның өмірге келуінің өзі кітап тақырыбы айтып тұрғандай «Туажат», оның мына дүниеге қажетсіз, өгей екенін бетіне қарғыстаңбасындай басып тұрады. Оқушыны романның ұзын — ырға уақиғасымен тез әрі қысқаша таныстырып өткен жөн шығар деп едім. Бірақ сонау алыс қалған жылдарда бозбалалар топ-тобымен киноға барып, фильм аяқталғанда қайталап айтып, талдап жататын. Сол әдетпен мына романға шолу жасауды ойға алғанда бұл істің оп-оңай емес екенің аңғардым. Айтпақшы, кинофильм қайдан ойға түсті? Бақсам, бұл кітап дап-дайын кинофильм екен. Кітап оқығандай емес, уақиғасы шым-шытырық, нағыз триллер, боевик көріп отырғандай әсерде қалады екенсің», — деген баға береді Д.Тұрантегі [44, 148].

Әдебиеттер:

  1. Эпштейн М. Н., Постмодерн в русской литературе: Учеб. пособие для вузов. — Москва: Высш. шк., 2005.
  2. Есембеков Т. Художественно-эстетическое значение драматизма в казахской прозе: Автореферат дисс-ии на соиск. ученой степени доктора филол. наук. Алматы, 1998.
  3. Бердібаев Р. Қазақ романы. — Алматы Қазақ ССР «Білім» қоғамы, 1975.
  4. Тұрантегі Д. «Туажат» романы хақында бірер сөз. // Жұлдыз, Алматы, 2012 ж. № 6.
Основные термины (генерируются автоматически): бар, мена, модерн бола, модернизм.


Задать вопрос